Фото: Ақорда
Өткен жылғы құрылтай отырысынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітіліп, жоспар бойынша іс жүргізілген.
«Біріншіден, құрылтай бастауларын жүзеге асыру барысында Парламент депутаттарының қолдауымен былтыр 6 заң қабылданды. Бұл заңдар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқыққа қайшы келетін контенттің таралуын шектеу, жекеменшік объектілерге атау беруді жүйелеу, қоғамдық орындарда бет-жүзді бүркейтін киімге тыйым салу, археология саласын реттеу бағыттарын қамтыды», деді Ерлан Қарин.
Ерлан Қарин осы бағытта 10 заң жобасы жұмысқа алынғанын да атап өтті.
Бұған дейін Президент Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізген еді.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысына 9 қаңтарда өткен Жұмыс тобының отырысында бір палаталы Парламенттің болашақтағы орны, құзыреті мен негізгі міндеттері айқындалып, оның биліктің өзге тармақтарымен өзара байланысын реттейтін ұстанымдар қарастырылғанын жеткізді.